Спандияр Көбеев – жазушы, қоғам қайраткері, ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының көрнекті өкілінің бірі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, ауылдардағы жаңа мектептерді қалыптастырушы. Ы. Алтынсарин негізін қалаған қазақ-орыс мектебінде оқып, Қостанайдағы бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын курстарды тәмамдаған. Қазақ балаларына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ұстаздық қызметінде Ы. Алтынсариннің ұстаздық әдіс-тәсілдерін басшылыққа алып, қазақ әдебиетіндегі демократиялық, ағартушылық идеяны әрі қарай жалғастырды.
Оқу, тәрбие салаларындағы ісіне орыс әдебиеті шығармаларының тәлімдік жағын пайдаланды. Қаламгер жазушылық және ұстаздық қызметпен бірге айналысқан. Жазушылық қызметіне ұстаздық еңбегіне қажетті тәрбие құралы негізінде қараған. С. Көбеев қазақ аулындағы надандық, өзге де керағар мінез-құлықты сынау, әшкерелеу мақсатында Крылов мысалдарын аударған. Спандияр Көбеевтің ағартушылық, аудармашылық қызметі де осыдан туды. Крылов еңбектерін көбірек аударып, бұрынғы аударылғандарын қайта қарап, бөлек кітап етіп бастырып шығаруға талпынды. Крыловтан аударған мысалдары «Үлгілі тәржіма» деген атпен Қазан қаласында басылды. «Үлгілі тәржімаға» кірген Спандияр Көбеев жасаған 44 аударма және автордың «Мекен» атты бір өлеңі енді. Бұдан кейін Ы. Алтынсарин үлгісімен қазақ мектептеріне арнап оқу кітабын құрастырды. «Үлгілі бала» деген атпен жарияланған бұл кітапты ол К.Ушинскийдің «Родное слово» оқулығын негізге ала отырып жазды. Бұл еңбекке өзі аударған Крылов мысалдарын, орыс педагог-жазушыларының шағын әңгіме-өлеңдерін, қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын, балалардың өмір тануына қажет әр алуан қызықты әңгімелерді қосты. Ушинскийдің де, Л.Толстойдың да, Ыбырай Алтынсариннің де аудармалары Көбеевтің хрестоматиясында кездеседі. [1,165].
Ағартушылық рухтың арасында өскен Спандияр Көбеевтің бар саналы ғұмыры педагогтік қызметке арналды. Оның өмірдегі ағартушылық ұстанымын оның шығармашылығынан байқауға болады. «Үлгілі тәржіма», «Үлгілі бала», «Қалың мал», «Орындалған арман» кітабының кез-келгені шынайы педагог-ұстаз, ағартушылық көзқарастағы ақын-жазушы еңбектері. Бұл еңбектердің балалар әдебиетіне берер дүниесі мол. Аудармашылық, төлтума еңбектері ағартушылық ойдың нәтижесі [2,158].
Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы қазақ романы құрылымындағы әлеуметтік мазмұн қызметін ашып, талдауға көмектеседі. Көбеев секілді қазақтың ағартушылық-демократтық бағыттағы жазушыларының роман тәрізді көлемді прозалық шығарма келу жолы, мақсаты бар. Ол туралы қаламгер былай деп жазады: «Надандыққа, феодалдыққа ескішіл, өрескел сорақы салтқа қарсы күрес жүргізудің бірден бір жолы халықты ағарту, балаларды оқыту, халықты сауаттандыру деп, оны мәдениет сатысына аяқ бастыру деп ұғушылардың бірі мен едім. Бірақ сегіз-тоғыз жыл оқытушы болғаннан кейін феодалдық салтпен күресу үшін тек бір ғана балаларды оқыту жеткіліксіз екеніне әбден көзім жетті. Бұл күресте санаға күштірек әсер ететін басқа да құралдар керек сияқты көрінеді. Іздене келе, мен осы мақсатқа жету жолында ағартушыға ыңғайлы күрес құралының бірі – көркем әдебиет екен деген ой түйдім». Жазушы осы ойын жүзеге асыру мақсатымен жаңа тынысы бар «Қалың мал» романын басып шығарады. Романға себеп болған негізгі идяның бірі – роман сияқты қазақ тілінде елдің тұрмыс жағдайынан алынып, көркем шығармалар жазылса, олар халық арасына неғұрлым көп тараса, ескіліктің, феодалдық әдет-ғұрыптың тамырына балта шабылып, еңбекші елдің санасы оянып, мәдениетке талпынар еді. Қаламгер алдына қойған салмақты, келелі әлеуметтік осы мақсат шығарманың, мазмұны ғана емес, көркем құрылымына, поэтикасына әсер еткен. «Қалың мал» романында бай-болыстармен, билердің момын елге істеп отырған қиянаттары ағартушылық-демократтық көзқараста ғана айтылады. Автор заман шындығын әр қилы оқиғалар мен адамдар тағдыры арқылы көрсетеді [3, 244].
Жалпы білім беретін мектептің оқу жүйесінде Спандияр Көбеев, К. Д. Ушинский сынды ана тілін бірінші орынға қойды. Балаларға туған тілдерін үйретуде С. Көбеев сөйлеумен тығыз байланыстыра отырып, ойлау дағдысын дамытуға көп көңіл бөлген. Ол сөйлеу дағдысы балалардың ақыл-ой және дене еңбегіне деген сүйіспеншілігін оятып, балалардың қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуы арқылы қажетті еңбек дағдыларын дамыту керек деп есептеді. Бала тәрбиесі қиын процесс. Ұстаз талмай еңбек еткен жағдайда түпкілікті мақсатына жетеді. Әрине, ұстаз тек білімді, мәдениетті ғана емес, халқын сүйетін, оның мүддесі үшін өмір сүретін адам болуы керек. Ол берілген тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарауы, өз мамандығын, балаларын сүюі, баланың даму ерекшеліктерін түсінуі, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әдістерін білуі керек, ол үшін мұғалім үнемі өзін жетілдіріп отыруы керек. Ағартушылық идеясын педагогтік қызмет арқылы насихаттады [4].
Ол ақын, ойшыл, нағыз педагог жəне өз халқының патриоты ретінде ғана тəрбиелік идеяларды айтып қоймай, оларды іс жүзінде жүзеге асырды. С.Көбеевтің Крылов мысалдарын ағартушылық мақсатқа пайдаланбақ болғанын кез келген мысалды оқи отырып, анық аңғаруға болады. Автордың позициясы айқын келеді. Өзі оқытушы, ағартушы Спандияр оқушыларына өз ойын тік, ашық айта отырып, шығармаларды үлгі етіп, оқушыларға нұсқайды. Спандияр Көбеевтің оқу кітаптары, шығармалары асқан педагогтік шеберлікпен жасалған. Оның кітабындағы әрбір әңгіме мен ертегі, мысал мен өлең оқушыға өмірдің барлық саласынан түсінік, білім береді, осы арқылы мәдениетке, өнер-білімге, адамгершілікке шақырады, еңбекке, іскерлікке, қайырымдылыққа, әділдікке үйретеді.
Жазушының шығармашылығын оқи келе, қазақ жастарын біліммен сусындатып, құштарлығын арттырып, еңбекке баулу басты мақсаты екендігін аңғарамыз. Спандияр Көбеев білім саласында ғана емес, сондай-ақ қазақ әдебиетінде де өзінің шығармаларымен өшпестей ізін қалдырған танымал жазушы, тұлға. Оны өз заманының ақиық жазушысы деп, шығармашыл ағартушы-педагог болды деп толықтай айтуға болады.
Жобаны дайындаған қазақ тілінің мұғалімі Баймухамбетов Назар Альтиевич
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- «Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр». Анықтамалық. – Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС. 2004 -392 бет
- ХХ ғасыр басындағы әдебиет: Жоғары оқу орындары филология, журналистика факультеттері студенттеріне арналған хрестоматиялық оқу құралы. – Алматы, «Білім» 1994–352 бет.
- Қазақтың жүз романы. Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2004. – 456 б.
- https://stud.kz/ru/referat/show/89956
- https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/26748/